» » ЕСІМІ ЕЛГЕ БЕЛГІЛІ ЖАН

ЕСІМІ ЕЛГЕ БЕЛГІЛІ ЖАН


                ЕСІМІ ЕЛГЕ БЕЛГІЛІ ЖАН
    
 
Ел ертеңі болған бүгінгі буын ата-бабаларын, олардың тарихымен қатар, арамызда жүрген, есімі есте қалатын замандастарымен де таныс болғаны абзал. Бұл бастаманы Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап өткені белгілі. Онда ұлт мақтанышы бұрынғы өткен ата-бабаларымыз, дана билеріміз бен жырауларымыз, ел үшін аянбай еңбек еткен асыл тұлғалармен қатар, бүгінде ерен еңбегімен ерекшеленіп жүрген азаматтар екені де айтылған. Осы тұрғыда Қазақстан тарихын жақсы жағынан жасауда өз үлестерін қосып жүрген замандас тұлғаларды қалай ұлықтай аламыз? Осы мақсатпен «100 жаңа есім» жобасы жарық көргені көптің есінде болар. Осы орайда, ауданымыз бойынша осы жүз жаңа есімнің тізбегіне енуге лайықты дей алатын жан жайында сөз қозғамақпыз. Асқақ армандарды ақиқатқа айналдырып, уақыт өте қоғам дамуына өзіндік үлесін қосып, әрі өз ісіне деген сүйіспеншілігі арқылы көптің құрметіне бөленіп жүрген жандар жоқ емес. Солардың бірі - Әмірхан Жүсіпов. 
Есімі аудан көлеміне кеңінен таныс бұл жанды алтын қолды ақ халатты азамат десек жарасатын шығар. Ол 1959 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Енді, құрметке лайық қадірлі жанның өмірдерегіне аз-кем тоқтала өтсек. Ә. Жүсіпов 1966 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1976 жылы Арал қалалық №15 орта мектебін бітірген. 1976 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, аталмыш оқу орнының емдеу факультетін 1982 жылы үздік бітірген. Еңбек жолын студенттік күндерден бастап, Алматы қалалық жедел жәрдем стансасында фельдшер болып бастаған. 1982-1983 жылдары Қызылорда қалалық ауруханасының хирургия бөлімшесінде дәрігер-хирург болып жұмыс жасады. 1983 жылы Арал аудандық ауруханасында дәрігер-хирург болып, 1984-1988 жылдары дәрігер-онколог болып жұмыс істеді. 1988-1991 жылдары аудандық аурухана бас дәрігерінің емхана жөніндегі орынбасары, 1991-1999 жылдары аудандық аурухананың емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарды. 1999 жылдан 2015 жылға дейін аудандық аурухананың хирург, уролог дәрігері болып еңбек етті. 2016 жылдың тамыз айынан осы уақытқа дейін аудандық аурухана хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет ат қарып келеді. 
«Билік пен мансап емес, адал қызмет арқылы халықтың алғысын арқаласам»-дейтін жанның бүгінде бағыты айқын, жүріп өткен жолы көпке үлгі боларлық. Өз жұмысына адал жанның осы кезге дейін қаншама жанға қайта өмір сыйлағаны есінде жоқ. Бар білері - алдына келген жанға жылы шырай танытып, дертке дауа қолдары арқылы шықпас жанға себепші болу. Содан да болар, бұл жанның есімі көпшілікке танымал. Тіпті, «Әмірханға қаралсам» деп іштей ойлап, қалайтын науқастар да баршылық. 
Көптеген жанның сенімінен туындаған осы бір сөздің өзі кез келген жанды көкке шығарады емес пе?! Жаны қалаған мамандықты өмір бойы серік еткен кәнігі маманның халық арасында жүріп, биліктің емес, бұқараның сеніміне ие болуы екінің біріне беріле бермейтін бақ. 
Билік демекші, Әмірхан Жүсіпов ағамыздың билік тарапынан да жеткен жетістіктері мен алған қошемет-құрметі бір төбе. «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі». Осы атақтың өзі неге тұрады! Бұл қаншама жылдық еңбек пен өз ісіне деген шынайы құрметтің белгісі болар. Бұдан бөлек, «Қызылорда облысына - 70 жыл» мерекелік медалінің иегері. Кейіпкеріміз үшін бұл марапаттың да орны бір төбе. 
Осындай жетістіктерімен қатар, ол - жоғарғы санатты хирург-дәрігер, 2 өнертабыс патентінің, 10-нан аса халықаралық, республикалық ғылыми басылымдардан жарыққа шыққан мақалалардың авторы. 
Осындай жетістіктері арқылы құрметке бөленген жанға 2015 жылы «Арал ауданының құрметті азаматы» атағы салтанатты жағдайда берілді. Бұл - есімі елге белгілі жанға деген халықтың құрметітұғын. 
Иә, жоғарыда айтып өткеніміздей, елге сіңірген еңбегі мен қоғамға жасаған қызметі арқылы бүгінгі буынға үлгі боларлықтай жетістікке жеткен жанды біз шындығында жүз жаңа есім жобасына лайық деп ойлаймыз. 
 

Алтынбек БИСЕНОВ

 
«Толқын» 
26 қыркүйек 2017 жыл
27 қыркүйек 2017 ж. 998 0