КӨШПЕЛІ СЕМИНАР


                КӨШПЕЛІ СЕМИНАР
    
 
Жуырда аудан әкімінің мәжіліс залында облыс көлемінде аса қауіпті жұқпалы аурулардың және Конго-Қырым гемморрагиялық қызбасының алдын алу, болдырмау мақсатында облыстық көшпелі мәжіліс болып өтті. Мәжілісті ашқан Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Апетов: 
- Облыс көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында республикалық бюджет есебінен аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егу, диагностикалық тексеру жұмыстары жылда тұрақты жүргізіліп келеді. Республиканың бірнеше аймақтарында былтыр жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының 149 ошағы тіркелді. Ал, үстіміздегі жылдың 4 айында 23 ошақ тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 36,1 пайызға азайған. Осындай жағдайларды облыс көлемінде болдырмау, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында ветеринария саласында жүйелі жұмыстар жүргізілді, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыс көлемінде аса қауіпті аурулар тіркелмей, эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отыр. Үстіміздегі жылы облысқа аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында 5906,0 мың доза ветеринариялық препараттар және осы іс-шараларды толық атқаруға 678,4 млн.теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жеткізілген препараттар уақытылы, шынайы, талапқа сай егілуі және сақталуы қажет, - деп облыс бойынша мал көмінділерінің жалпы саны 146 болса, оның ішінде ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай 69-ы типтік жобада салынғанын айтты. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің құзыретіне елді мекендер аймақтарын санитариялық тазалауды ұйымдастыру жұмыстарын тапсырды. Одан соң, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы А.Мусаев сөз алып, 5 ай көлемінде аса қауіпті індеттерге қарсы егу және диагностика жұмыстары талапқа сай жүргізіліп, жоспардың 85 пайызға орындалғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, жануарлардың аллергиялық тексерулер, энзоотиялық аурулардың алдын алу жұмыстары, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау мен жою бағдарламасы бойынша және мал басын бірдейлендіру, мал қорымдары мен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу төңірегінде атқарылған жұмыстары жайында кеңінен баяндады. Семинарда Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекция басшысы Ж.Сәрсенбаев, «Республикалық ветеринариялық зертхана» Қызылорда облыстық филиалының директоры М.Шатенов, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Жаңабаев, облыс бойынша жұқпалы ауруларға қарсы аурухананың бас дәрігері Айна Мұханбетова және облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Баян Боранбаевалар баяндама оқыды. Басқосуға қатысқан тиісті сала басшылары мен мамандары, ауылдық округ әкімдері, жауапты мамандары және шаруа қожалық басшылары жұқпалы ауруларды болдырмау жайында кеңінен мағлұмат алып, өздеріне жүктелген тапсырмаларға жауаптылық танытатынын айтты. (Өз тілшімізден).
 
«Толқын» газеті. 30 мамыр 2017 жыл.
31 мамыр 2017 ж. 864 0