» » «ДИАЛИЗ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

«ДИАЛИЗ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ


                «ДИАЛИЗ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫЖақында ауданымыздағы денсаулық сақтау саласы науқастарды емдеуде тағы бір орталықпен толықты. Бүгінге дейін еліміз бойынша бүйрек ауруы салдарынан зардап шеккен науқастар қатары көбейген болса, олардың қатарында ауданнан тіркелгендердің де үлесі бар еді. Бұған дейін Аралда болмаған орталықтың ашылғаны көпшілік үшін жағымды жаңалық екені белгілі. Аудандық амбулаторлық «Диализ» орталығының меңгерушісі А.Сүлейменовтің айтуынша, еліміз бойынша осы салада жұмыс жасап отырған «ВВ NURA» ЖШС-нің ауданнан ашылған орталығы әзірше екі ауысым бойынша күніне төрт науқасты қабылдауға қауқарлы. Бұл орталықта барлығы 6 қызметкер жұмыс жасайтын болады. Сондай-ақ, пациенттерді тасымалдайтын көлік пен бір мезгілдік тамақ беру жағы қамтамасыз етілген. Жаңадан жұмысын бастаған «Диализ» орталығының ашылу салтанатында аудан әкімі М. Оразбаев: - Құрметті жерлестер, қадірлі денсаулық сақтау саласының қызметкерлері! Елбасымыздың биылғы Жолдауында бес басымдыққа мән берілді. Соның ішінде төртінші бағыты осы адами капиталды жақсарту. Бұдан біз Елбасымыздың осы салаға деген оң көзқарасын анық аңғарамыз. Нәтижесінде, аталмыш саланы жаңа технологиямен жабыдықтау, тәжірибелі мамандармен толықтыру басты мақсатқа айналып отыр. Енді міне, өздеріңіз куә болып отырған жаңа орталық бүгіннен бастап аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсететін болады. Бұған дейін аудан әкімдігі, аудандық және облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып жұмыс жасаудың нәтижесінде, сондай-ақ, жыл сайынғы ауданда тіркеуде тұрған науқастар мен қоғамдық ұйым мүшелерінің ұсыныстарына сәйкес, осы орталықты ашу жұмыстары қолға алынған-ды. Бүгінде бәріміз сол бастаманың нәтижесіне куә болып отырмыз. Баршаңызға құтты болсын. Алдағы уақытта аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуіне тілекшіміз, - деді.
Сосын, салтанатты шараның Астанадан келген мейманы, жоғарғы санатты дәрігер-реаниматолог, І санатты дәрігер-нефролог, «ВВ NURA» ЖШС-нің директоры М. Әубәкіров пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Айбосыновтар сөз сөйлеп, аталмыш орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан соң, осы орталықтың көмегіне мұқтаж, бірнеше жылдан бері ауданда бүйрек ауруы бойынша есепте тұрған Қ. Алдашева сөз алып, осы орталықтың ашылуына ықпал жасаған аудан әкімдігі мен аудандық аурухана басшылығына алғысын айтты. 
Орталықтың ашылу рәсімі бойынша лентасы қиылған соң, аудан әкімі М. Оразбаев және бірнеше азаматтар аудандық перзентхана жанынан ашылған жаңа орталықтың ішін аралап көріп, соңғы үлгі бойынша орнатылған жаңа аппараттардың жұмысымен танысты. 
 

А. БИСЕНОВ

 
«Толқын» газеті, 14 ақпан 2017 жыл       
14 ақпан 2017 ж. 887 0