» » ІНДЕТТІ ЖЕҢУ - ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

ІНДЕТТІ ЖЕҢУ - ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

Дүние жүзінде коронавирус пандемиясы белең алған, ел басына күн туған осынау шақ бірлігіміз бен елдігіміз сыналған кезең болды. Адамзатқа орасан зардабын тигізген бұл кеселмен бүкіл әлем болып күресіп жатқанымызға бір жыл толды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиялық ахуал жөнінде өткізген кеңесте пандемия басталғаннан бері Қазақстан көптеген қиындықты бастан өткергенін, мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында ауқымды шаралар қабылдағанын мәлімдеді. Десе де дауасы жоқ дерттің қауіп-қатері әлі де сейіле қоймады. Бұл індеттен құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол – вакцина салдыру.

– Мен барлық азаматтарымызды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Əрі-беріден соң, бұл – біздің азаматтық парызымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев елдің саулығына алаң көңілмен.

Бүгінде əлемдегі бірнеше ірі мемлекет өршіп бара жатқан инфекцияны болдырмау жолында барын салып жатыр. Біздің елімізде де ахуал айтарлықтай мəз емес. Қазақстан таяуда əлемдік эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша «қызыл аймаққа» өтті. Қызылорда облысы "сары аймаққа" еніп, індетке ілінгендер көрсеткіші едəуір өсіп тұрғанын, қарым-қатынас арқылы жұқтырған жағдайлар да жиілеп отырғанын ақпарат көздерінен біліп отырмыз. Бұл алдын алу шараларын қатаң сақтау қажеттігін аңғартады.

Елімізде карантин талаптарын сақтамау, сақтық шараларына салғырт қарау кездесуде. Вирустың мутацияланған жаңа штамдарының белсенділігі артып келе жатқаны да көпшілікті алаңдатады. Бетперде киіп, жеке гигиена ережелерін ұстану, қоғамдық орындарда арақашықтық сақтау талаптары да өзгермеген. Төртінші тоқсаннан бастап білім беру дəстүрлі форматқа көшірілді. Коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында мектеп оқушылары арасында шектеу шаралары да белгіленгені көңілге қонымды.

Әр саланың өз қиындығы бар ғой. COVID-19 инфекциясымен күресте адам өмірі үшін өздерінің өмірін қиған медицина қызметкерлері қаншама?! Сол кездерде күнделікті жұмыс барысында науқастардың қиналғанын көрудің өзі өте ауыр болды. Шүкір, қазір індеттің қаупі сейіліп, қиын күндер артта қалды. Дегенмен індеттің таралуының алдын алу мақсатында мен медицина қызметкері ретінде алғашқылардың бірі болып коронавирустық инфекцияға қарсы екпенің 2 дозасын да алдым. Бұл организмімде антиденелер пайда болып, иммунитетімді одан да қатты нығайта түсті деп ойлаймын. Ешқандай кері әсер байқамадым. Барлық әріптестерімді және тұрғындарды коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алуларын сұраймын. Өйткені бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдайдың асқынып тұрған кезінде инфекцияға қарсы күрестің бірден-бір жолы – осы вакцинаны алып, иммунитетті қалыптастыру. Әр медицина қызметкері жұмыста, әріптестерінің арасында өз денсаулығына қауіп туғызбау қажеттігін біледі. Сонымен бірге пациенттердің де денсаулығына қауіп төндірмеу керек. Әрбір медициналық қызметкер жұмыста күніне бірнеше рет вируспен кездеседі. Вирустық мөлшерді өте көп алады. Сондықтан осы екпемен иммунитетін нығайтып, инфекцияға қарсы тұра алады.

Індетті жеңу – әрбір азаматтың өз қолында. Бұл вакцина алудан, қарапайым қағиданы ұстанудан басталады. Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтықты ұстану өте маңызды. Өйткені бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулығы үшін аса қажет.


Тұрсынкүл АЯПБЕРГЕНОВА,

аудандық аурухананың 

жұқпалы аурулар бөлімшесінің аға аяжаны

13 сәуір 2021 ж. 14 0

Бас дәрігердің блогы

Хабарландыру