ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ХАЛЫҚПЫЗ
Тәуелсіздігімізге – 25 жыл
Еліміздің тарихында қилы замандар аз болмағаны аян. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде орасан зор саяси, тарихи, мәдени, әлеуметтік жетістіктерге қол жеткіздік. Осы орайда, жас ұрпақтың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың маңызы зор дер едім. Иә, еліміздің ширек ғасырда жеткен жетістіктері, алған асулары сүбелі. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп отырғанымыз да жасырын емес. Сондай-ақ, Ұлт жоспары 100 нақты қадамда айтылған мемлекеттік қызметтің нығаюы мен дамуы, мемлекеттік аппараттың кәсіптік және автономдық қалыптасуын қалыптастырудамыз. Бүгінде қазақ елінде көптеген ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп келеді. «Түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір» түрлі ұлт өкілдері еліміздегі бірлікті бекемдей түсіп, достық пен ауызбіршілікті ту етіп келеді. Менің жора-жолдастарымның басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері болғандықтан оны айқын сезініп отырамын. Иә, тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында елімізде атқарылған көптеген игі істердің куәсіміз. Қай саланы алып қарасаң да, ілгерілеу, даму бар. Соның бір айғағы, еліміз ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге жан-жақты дайындалуда. Шынында да, осындай тарихи іс-шараны ұйымдастыру мәртебесі қазақстандықтарға берілуі еліміздің ықпалды мемлекет екенін білдірсе керек. Бұл халықаралық көрме арқылы жаһан жұрты елімізді бұдан да жақын танитын болады. Сөйтіп, еліміз таңғажайып мүмкіндіктердің куәсі болғалы тұр. Адами қарым-қатынас, сыйластық, өзара құрмет, сыпайыгершілік пен мәдениет және рухани дүниелерге деген оңды көзқарас жақсы қалыптасқан. Біз еліміздің келешегіне зор сеніммен қарайтын боламыз. Өйткені, жерінің асты мен үсті байлыққа толы. Бұл-қазақ халқының кең пейілі мен дарқан көңіліне орай Жаратушының берген сыйы деп ойлаймын. Қазақстандықтардың бойында қайырымдылық, мейірімділік деген асыл қасиеттер мол. Әрине, ол- кеңдіктің белгісі. Осындай жақсы қасиеттерді бойына жинаған қазақ халқы жанына түрлі ұлттар мен этностарды шоғырландырып, татулықты ту етіп отырған қайсар халық дегім келеді. Қазақстанның дүние жүзіндегі беделінің мықты екенін ішкі бірлігінің нығайып, алпауыт елдермен қарым-қатынас жасап отыруының ең басты себебі де осы емес пе. Тіпті, барлық игіліктерінің бастауын бейбітшілік пен татулықтан алып отырғанын айтқанымыз жөн. Болашақта Қазақстан қарыштап өркендеп, экономикасы дамыған алпауыт елдердің қатарынан ойып орын алатынына нық сенімдімін. Өйткені, оған толық мүмкіндіктер де, алғы шарттар да бар дегім келеді. Жуырда Елбасы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы №3827 Жарлығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған сәйкес, жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелердің тізбесінде «1 наурыз-Алғыс айту күні» болып жарияланғанын баспасөзден оқып, танысып, кеудемді қуаныш кернеді. Сондықтан да, қолыма қалам алып, сүйікті басылымым «Толқын» газеті арқылы өз пікірімді білдіруді жөн санадым. Иә, елімізде болып жатырған саяси оқиғалардан қай-қайсысынан да тыс қалмауымыз керек. Сондықтан, ел болып береке- бірлігімізді биікке көтеретін мезгіл туғанын айтуымыз керек. «Біріміз-бәріміз үшін, бәріміз-біріміз үшін» деген тарихи қағиданы ұстанған абзал.Қуандық ТАРҒЫНОВ,
Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері,
медицина саласының ардагері








