» » АҚЫЛҒА КЕЛЕЙІК, АҒАЙЫН!

АҚЫЛҒА КЕЛЕЙІК, АҒАЙЫН!

Ардақты ағайын!
 Коронавирус деген бұрын атын естімеген пәленің жер-жаһанды дүрбелеңге салып жатқанын күнделікті көріп,естіп отырмыз. Өкінішке орай, өз елімізде де күн санап осы аты өшкір ауру жұқтырғандардың саны артуда.
 Мемлекет басшысынан бастап қолға алып, көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Бүкіл елімізде төтенше жағдай жарияланып, ірі қалалар карантинге жабылды. Халқымыз ертеректе аты жаман талай індеттің ақыретін көріп, қасіретін шексе де, басынан талай нәубет кешірсе де, мына індеттің түрі басқа, дені басқа, күші жойқын.
 Жер таңдамайтын, ұлт талғамайтын бұл індет қазақ түгілі, адамзат баласына бұрын кездеспеген кесел тәрізді. Адамзаттың басына осындай үлкен қауіп-қатер төнген екен, ендеше онымен күресуге тура келеді. Бүкіл әлем осы кеселмен күресіп жатыр. Бізден әлдеқайда дамыған елдердің қауқары жетпей, дабыл қағып жатқанда, ең өкініштісі, өзіміздің ағайынның осы ескертпелерге құлақ аспай, бей-жай қарауы болып отыр.

Қадірлі ағайын!

«Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен іздейсіннің» кері келіп жүрмесін. Менің күнделікті байқап, ел-жұрттың аузынан естіп отырғаным, қанша тыйым салынса да, көптеген мәселеге ағайынның жауапкершіліксіз қарауы көбейіп отыр. Әсіресе, адам көп жиналатын той-томалақ пен ас-садақалар, төтенше жағдайға қарамастан, әлі де өткізіліп жатыр. Иә, біз ақкөңіл, дархан халықпыз, өзіміздің сол қасиетімізге сай дәстүрлеріміз бар.

Тойды - ортақ қуаныш деп, ағайынмен бөлісіп, ал жақын-жуық дүниеден озса, марқұмның өмірдегі қасиетін бағалап, оны арулап, шығарып саламыз. Бәрі дұрыс қой, бірақ дәл қазір той тойлап, би билейтін немесе «ағайынның сөзіне қаламын» деп, жалған намысқа тырысып, 200-300 адам шақырып, ас-садақа жасайтын уақыт емес! Ау, ағайын,«Төтенше жағдайда» өмір сүріп отырғанымызды неге түсінбейміз? Билік тарапынан қаншама дабыл қағылып, қаншама тыйым салынып жатса да, тіпті бүкіл әлем шулап жатса да, біз неге сонша бейғамбыз? Мемлекеттің білім беретін мектепке баланы жібермей, Аллаға сыйынатын мешітке адам кіргізбей отырғаны бекерден бекер деп ойлап жүрсіздер ме, ағайын? Құдай сақтасын, бұндай жағдай тек соғыс уақытында болатын. Яғни, бұл індеттің салмағы жойқын соғыстан кем емес деген сөз. Ал, біз осыны түсінбей, бейқамдық танытып,тап бір індет бізді айналып өтетіндей, тәртіпке көнбей, жайбарақат жүрміз.

Кей әулеттер тойларын кейінге қалдырыпты, бас қосып жатқан жастарға етжақын ағайындары ғана жиналып, баталасыпты дегенді естіп, қуанып қаламын. Бұл, әрине, нағыз құптарлық іс! Ал, кеше жақын маңдағы ауылда қайтыс болған марқұмның жаназасын тек жақындарымен ғана шығарыпты деп естідім.Міне, сөзді ұғатын ағайын осылай істеуі керек деп есептеймін. «Сөз ұқпайтын ақымақтан күнде жеңілемін» деп дана Абай айтпақшы, айтқан сөзді тыңдамай, ақылсыздыққа жол бермейік, ағайын! Есі бар адам ешкімнің қуанышын не басқа шаруасын қызғанбайды және қазіргі жағдайды көре отырып, ешкім ешкімді сынамайды деп есептеймін.

Бұл кеселдің алдын алу үшін себепсіз ешкім үйінен шықпау керек. Әрқайсымыз өз отбасымызға ие болмасақ, сырттан бізге ешкім қорған болмайды. Өте шұғыл шаруамен үйден шыққан жағдайда да, көпшілік жиналатын орындарға бармау керек. Сосын, барлық сақтану шаралары мен тазалық талаптарын қатаң сақтап жүруіміз керек. Құдайым-ау, енді осылар соншалық қиын жүмыс па? Құдіреті күшті Алла Тағала да «Сақтансаң, сақтаймын» деген емес пе? Бұл індеттен беті бері қарап келе жатқан елдер осылай ғана, үйден шықпай, халықтың қозғалысын шектеп қана, ауруды азайтып отыр. Ал, ақыл-кеңеске құлақ аспай, тәртіпке бағынбаған елдердің халін өздеріңіз естіп-көріп отырсыздар.

Біз елге, ағайынға тілекші адамбыз. Құдайдың құтты күнінде бір-бірімізге тілейтін елдің ауызбірлігі міне, дәл осы уақытта керек. Өз бастарын қатерге тігіп, ел үшін қызмет жасап жатқан қаншама дәрігерлердің, құқық қорғау қызметкерлерінің, осы індеттің алдын алу үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалайық. Өзімізді өзіміз сыйлап, тәртіпке бас иіп, сәл сабыр сақтайық. Ауызбірлігі мол ағайын екенімізді, сабырлы, ақылды халық екенімізді көрсете білейік. Аман-есен кеселден құтылып алсақ, Алла қаласа, барлығы жақсы болады. Талай тойлар мен қуанышты күндердің барлығы алда. Алла халқымызды індеттен аман сақтап, сол күндерге жеткізгей!

Әбілбай Садықбайұлы,
 зейнеткер.

Сая ЕралиеваАрал Ішкі Саясат Бөлімі атты қолданушымен бірге.


28 наурыз 2020 ж. 1 070 0