» » ҚОСАМАНДЫҚТАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ

ҚОСАМАНДЫҚТАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ

Апта ағымында


Аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекен тұрғындары үшін қыстың көзі қырауда жол қатынастың қиындай түсетіні белгілі. Сол бір қиындықтың салдарынан бас ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар үшін уақытысында сапалы ем қабылдап, еңсе тіктеуі қиынға соғатын. Бұл мәселеге қатысты жұмыстар соңғы жылдары нәтиже беруде.

Мәселен, өткен жылдың өзінде аудан орталығынан 150 орындық аурухана ашылса, Бекбауыл елді мекенінде дәрігерлік амбулатория, Жаңақұрылыста фельдшерлік-акушерлік бекет, Сазды, Ақбай және Тастақ ауылдарында медициналық бекет пайдалануға берілген болатын. Енді, міне, ел тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету мақсатындағы заманауи бекеттердің қатарына тағы бір жаңа нысан пайдалануға беріліп отыр.

Бұл жолы жаңа медициналық бекет Қосаман елді мекенінде ашылып, пайдалануға берілді. Алдағы

уақытта жергілікті тұрғындар қажет болған жағдайда тиісті ем-домын талапқа сай жаңа

дәрігерлік орталықта қабылдайтын болады. Міне, осындай берекелі іске бастамашы болып, ел

ықыласына бөленіп жүрген аудан басшысының қажырлы еңбегі мен іскерлік қабілетін айтпай

кетуге болмас. Көптің қуанышына ортақтасып, жаңа әрі жайлы нысанның ашылу салтанатына

қатысқан аудан әкімі М.Оразбаев:

– Бүгінде ауданда денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер орын алып, жағымды жаңалықтар көбеюде. Өткен жылы аудан орталығында 150 орындық орталық аурухана салынған болатын. Мұнан бөлек, ауданға қарасты бірнеше елді мекендерге дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік бекет, жаңа медициналық бекеттер пайдалануға берілген еді. Бірнеше жылдан бері Қосаман ауылдық округінде медициналық бекет қажеттілігі туын-

дап келсе, енді, міне, бұл мәселе де оңтайлы шешімін тапты. Ендігі жерде бұл орталықтың

қызметкерлері халыққа сапалы қызмет көрсететініне сенемін, – деп, ел тұрғындарына

деген өзінің ақжарма тілегін жеткізді.

Ізгі лебіздер легін одан әрі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Латипов жалғап, көпшілік қуанышын еселеген жаңа нысаның жұмысына сәттілік тіледі. Елдегі жағдайдың біршама жақсарып келе жатқанын алға тартып, даму жолындағы табысты мемлекеттің ертеңі жарқын боларына зор сенім білдірді.

Алғашқы көмекке қажетті құралдармен толық жабдықталған нысанда дәрігерлер мен емделушілер үшін барлық жағдай жасалған. Бұл біздегі медицина саласының айқын бағытын байқатады.


«Толқын» ақпарат


«Толқын» газеті, 16 қараша 2019 жыл.

18 қараша 2019 ж. 889 0