Құрметке лайықты ЛАЙЫҚ
«Жақсы сөз – жарым ырыс». Қазекеңнің өмірден түйген тұжырымы. Бұл, әсіресе, басы ауырып, балтыры сыздағандарға таптырмайтын дауа. Егер денсаулығыңыз сыр берсе (ондайдың беті аулақ ), жалма-жан дәрігерге жүгінеріңіз анық. Кей-кейде осынау ақ желеңді қауымға жекелеген жандар тарапынан айтылған өкпе-қақпаны да құлағымыз шалып жатады. Алайда көпшілігіне дәрігердің біліктілігі, парасат-пайымы науқастар тарапынан ізетке еге екеніне ешқандай күмән жоқ. Оған өзімнің де көзім жетті.
Бірде ауылда тұратын құрдасымды көшеден кездейсоқ жолықтырдым. Жанында келіншегі бар. Қашан көрсең де жайдары жүретін досымның жүзі тым сынық көрінді. Әлденеге абыржып тұрғаны аңғарылады. Аздап жүдеген де тәрізді. Жөн сұрастық. Айтуынша сырқаттанып жүргеніне біршама уақыт болыпты. Қызуы көтеріледі, тәбеті де төмендепті. «Ой аздырады» деген рас екен. Өзі аты жаман кесел шығармын деп қауіптенетін сынды. Құрдасым үшін мен де қорықтым. Не істеу керек? Есіме Орекең, білікті дәрігер Орақ Кеубасов түсті. Дереу қоңырау шалдым. Бізді мұқият тыңдаған ағамыз әлі кездеспеген емделушісіне «бруцеллез» деген қорытынды қойып, кабинетіне келуді өтінді. Бардық. Түрлі сынамалар тапсырды. Міне, керемет. Кеубасовтың диагнозы тура шықты. Ауруханада жатып ем алған құрдасым құлантаза айығып кетті. Кәсіби сауаттылық дегеніміз осы.
Бақытымызға орай мұндай білікті дәрігерлер өңірімізде аз емес. Оларды жұртшылық тегіне, жасына қарап бағаламайды. Дәрігер ретінде таниды. Ақиқатына көшсек, осынау абзал жандардың арқасында сандаған адам өмірге қайта оралуда. Әке-ана баласымен, ағайын-туыс бауырымен аман-есен қауышып жатады. Ет жақынының аман қалуын Алладан кейін дәрігерден күтерімізді несіне жасырамыз. Соған орай ақ желеңді қауымға арналар ризашылығымыз шексіз. Солардың қатарында «бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін» аналарымыз баршылық.
Біздің кейіпкеріміз нағыз өз ісінің шебері. Мақаламыздың да аталуы осыдан өрілген еді. Ол туралы әріптестері «Атына заты сай адам. Лайық нағыз құрметтеуге лайықты дәрігер» деген мінездеме берді. Халықтан асқан сыншы болмасын ескеріп бұған біз де қосылдық.
Лайық Бижанова теңіз төскейіндегі Мергенсай ауылдық округінің тумасы. Қақаған қаңтарда өмірге келген шақалаққа аузы дуалы үлкендер «Өмірден лайықты орнын тапсын» деген ниетпен осы есімді теліді. Адамның тағдырында қойылған ныспысының үлесі мол болары ғылыми тұрғыда дәлелденген. Оған өмірлік тәжірибе, ізденімпаздық, еңбексүйгіштік қасиеттерін қосыңыз. Ендеше Лайықтың өз ортасында беделді екендігін де түйсіну қиынға соқпайды. Жалаңаш орта мектебін тамамдаған Лайық Сатыбалдықызы Ақтөбедегі медицина институтының терапия бөліміне оқуға түсті. Қаршадай қыздарының экологиялық аймақ саналатын өңірге ең қажетті мамандықты таңдағанына әсіресе ауылдастары қатты қуанғандары даусыз. Лайықты биік белестерді бағындыруға талпындырған да сол сенім тұғын. Студенттік кезең де артта қалды. Мұнан соң интернатура. Қызылорда қалалық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен қызмет жолы басталды. Кешегі студент Гиппократқа ант берген дәрігер атанды. Қатырма картон зауытындағы медициналық-санитарлық бөлімде еңбек етті. Кеңес тұсында ЦКЗ аталған қуатты мекеме оқырмандардың жадында шығар. Лайықтың тура осы кәсіпорыннан бастау алған еңбек сатысы жалғаса берді.
Уақыт өте туған жері Арал ауданына қызметке ауыстырылды. Кәсібінің қыр-сырын меңгеруге деген құлшынысы үдей түсті. «Білімді жетер мұратқа» қағидасын тұтынды. Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында, Ұлттық ғылыми медициналық орталығында дәріс алды. Білімін тереңдете түсті. Қазіргі таңда Лайық Бижанова орталық емхананың 1 санатты дәрігер-кардиологы. Сонымен қатар іргелі жанұяның отанасы.
- Лайық жоғары дәрежедегі маман. Ұқыпты. Есеп-қисап, басқа да медициналық құжаттарына сауатты. Өзіне де, қарамағындағыларға да талап қоя біледі. Науқастарға құрметпен қарайды. Ұжымда беделді. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық сала басшыларынан мадақтаулар иеленді, – дейді сала басшылығы.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Арал қаласы








