» » ҚАНДАУЫРЫ ҚҰТТЫ ХИРУРГ

ҚАНДАУЫРЫ ҚҰТТЫ ХИРУРГ



Атқанда арай болып Қадір таңы,
 Жас беріп Тәңір ерді жарылқады.
 Алпыс жас асқаралы құтты болып,
 Аралдың мың жасасын, Әмірханы!..


Қайрат Кұлекешов


Мақала кейіпкері туралы қысқаша мағлұмат.  


Әмірхан Ізбайырұлы Жүсіпов 1959 жылы Арал қаласында туған. 1976 жылы Арал қаласындағы № 15 қазақ орта мектебін бітірген.

1982 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факултетін 1982 жылы «үздік» дипломмен бітірген. Профессорлар Михаил Иванович Брякин, Ишанбай Қарақүлов, Аркадий. Райз, Бейнеш Оразұлы Жарбосынов, Тұрар Қараұлы Көкеев сынды білікті ұстаздардың шәкірті болды.

1983 жылдан Арал аудандық ауруханасында дәрігер хирург, дәрігер онколог болып жұмыс істейді.

Аудандық аурухана бас дәрігерінің емхана, емдеу ісі жөніндегі орынбасары болған. Бүгінде аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі. Өз мамандығы бойынша сан рет білім жетілдіруден өткен. Хирургия бойынша республикалық, Халықаралық конгресстерге қатысып, Тіпті Санкт Петербургте өткен Халықаралық хирург гепатологтардың XIV конгрессінде «Аудандық аурухана жағдайында бауыр жарақатын емдеу» такырыбында баяндама жасаған. Баяндама Ресейдің атақты хирургтері Э. И. Гальперин, Б. И. Альперович, В. А. Вишневскийлер тарапынан жаксы баға алды.

2 өнертабыс патентінің иегері. Облыстық патриоттар форумының «Жүрек жылуы» номинациясының иегері. «Арал ауданының құрметті азаматы». 


Мақала тақырыбына қарап Аралда Әмірхан көп қой. Бұл қай Әмірхан болды екен деуі мүмкін көпшіліктің. Аудандағы басы ауырып, балтыры сыздаған адамның Әмірханды, Жүсіпов Әмірханды білмеуі мүмкін емес деп ойлаймын. Республикалық «Нұржан» журналына оның 60 жасқа толу мерейлі күніне арнап мақала жазуға ниеттенгенімде оның жұмыстан қолының тие бермейтініне көзім жетті. Бірде операцияға кіріп кетеді, бірде шұғыл шақырыспен ауруханада жүреді. 


- Әмірхан Ізбайырұлы, көбісі мен дәрігер болуды жас кеізмнен армандадым, арманыма жеттім деп жатады. Сенің медицинаға келуің қалай болды? 


- Мен кішкентай кезімнен журналсит болуды армандаған едім. Тіпті 3-ші класста оқып жүргенімде, есіткендеріме еліктеп, батырлар туралы поэма, повес «жазып тастадым». Ескірген қолжазбаларым әлі сақтаулы. Тырнақалды туындымның бірін, өлеңімді газетке жариялату мақсатында аудандық «Толқын» газетінде бөлім меңгерушісі дарынды ақын Серік Сейтмағамбетовке көрсеткенімде, оның маған өлең жазу сенің қолың емес деп кесіп айтқаны дұрыс болды. Әйтпесе, біраз қағазды босқа шимайлар едім (күлді).

Ал, дәрігер болуға себепші болған Сексеуілде тұратын Масаты деген апамның өңеш обырына шалдығуы. Оның аталған дерттен қиналғанын көріп, осындай басқа науқастарға көмек берсем деген ой мені медицинаға жетеледі. Ойымды әкеме айтып едім, ол екінші дүниежүзілік соғысқа (жалпы үш соғыста болған) қатысқан, қан майданды өз көзімен көрген адам ғой, бірден құптады. Бірақ оны қалай жүзеге асыруды білмей, Атырауда тұратын қарындасы зейнеткер дәрігер Күлімханмен ақылдасты. Сол жол сілтеді. Анам Маутай да соны жөн деп тапты. Жалпы мен екі ағайындымын. 1948 жылы туған ағам Әзілхан бокстан спорт шебері, Аралда бокс мектебінің негізін қалаған адам. Сөйтіп, алдымен Атырауға барып, одан Алматыға жол түсіп, біршама қызықты оқиғаларды бастан кешіріп, Алматының медициналық институтына оқуға қабылдандым. Оқуды үздік аяқтадым. 


- Хирургия саласына келген жолдарың туралы айтып өтсең...


- Институт қабырғасында жүргенде дәрігер-хирург болуым керек деп шештім. Соынмен 3-ші курстан бастап Алматы қаласындағы «жедел жәрдем» ауруханасына еш жалақысыз, тәжірибе жинақтауды мақсат етіп, оқудан бос кезімде түнгі кезекшілікке 3-4 ай қатарынан барып жүрдім. Науқастарға күтім жасаймын, операцияға дайындаймын, жуындырып, шайындырамын. Онда белі бүкір Цибулин деген хирург болды. Білмеген жерімді содан сұраймын. Ол мені жассынбай, түсіндіреді. Алғаш рет өз бетімше, асқазанның ойық жарасының тесілуі деген диагнозды дәл қойып, тәжірибелі хирургтерден мақтау сөз есіткенім бар. Бұл мені қанаттандырды және ынталандырды. Көп оқып, көп ізденетінмін. Әлі де бұл әдеттен жаңылғаным жоқ.


- Алғаш рет өз бетіңше жасаған операция есіңде шығар...


- Әрине, бүгінгідей көз алдымда. Аталған аурухананың операциялық залында бір мезгілде үш столда операция жасалады. Мен ассистент ретінде қолқабыс етемін. Бірде қызық болды. Түнгі сағат 3-тердің кезі. Аппендицитпен келген науқасқа Адамов деген хирург өз бетіңше операция жсай бер деп сенім білдірді. Бір кезде профессор Т.П.Денякинаның өзі кіріп келмесі бар ма. Сөйтсем, науқас оның жақын туысы екен. Түн мезгілінде кім ұйқысын қиып, ауру адамды көруге келеді. Содан Адамовтан операция жасаған адамның студент екенін біліп, оны сөзбен «сойып» салды. Менің зәре-құтым қашты. Профессор кеткен соң әріптесім операцияны жалғастыра бер деп, сол кезде маған сенім білдірген еді. Ал науқас болса, еш асқынусыз, құлан-таза айығып кетті. 


- Одан әрі мамандықта шыңдалуың қалай өтті?


- Медициналық институтты ойдағыдай бітіріп, Қызылордаға бір жылдық интернатурадан өтуге келдім. Менің бағыма орай, басқа әріпітестеріме білім ұштастыру облыстық ауруханадан тиесілі болса, мен жалғыз өзім қалалық ауруханада тәжірибе жинақтадым. Бұл жерде мен кейін облыстың бас хирургы болған М.Е.Кәрібаевтан, медицина ғылымының кандидаты Қ.Б.Оразов сынды білікті хирургтерден көп нәрсе үйрендім. Әріптесім травматолог Е.Бейсетаевтың, уролог Ш.Әлназаровтың, Б.Бекішевтің өзіндік мектебін көріп, солар жасаған операцияларды өз бетімше атқара алатындай дәрежеге жеттім. Кейін Аралға келгенде бұл жерде жасалмайтын сол операцияларды өзім жасап, жаңалық ретінде енгіздім. Науқастар облысқа сандалмайтын болды. 

Аралда жұмысты бастағанымдағы бір оқиға әлі есімде. Варикоз дертінде сафенэктомия деген хирургиялық тәсіл бар. Облыста жүргенімде өз бетімше жасап көргенмін. Бірақ мұнда арнайы аспап жоқ екен. Сонымен, гитараның 7-ші шегін залалсыздандырып, сол аспапқа ұқсас құралды өзімше құрастырып, аталған операцияны табысты жасадым. 

Арал ауруханасындағы ұстаздарым Генадий Трофимович Ким, Асылбек Жамалұлы Ізмағамбетов, Досхана Мұңайтпасұлы Ранов, Махмұт Бекетов, Самат Ізбайұлы Ілиясов, Асылхан Нұрқожаев, Ғабит Меңдібайұлы Нұрғалиев және Эмилия Серафимовна Кохоновалар болды. 

Менен бір жыл Аралға бұрын келген Толыбай Жұмашұлы Медетов хирург екен. Онымен біраз жыл иық тіресе қызмет атқардым. Ал лапароскопиялық гинекологиялық операцияларды Набатхан Ташкановамен бірлесіп жасадым. Науқас әйелдерге көп көмегіміз тиді. Бұрын бедеуліктен жапа шеккен жандар перзент сүйді.    


- Аралдағы хирург қызметіңдегі қиын, күрделі сырқаттың бірі туралы айтып берсең...


- Бұл алғаш рет өт шығару жолына жасалған реконструктивтік операция еді. Бір науқас асқазанның ойық жарасының тесілуі диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Шұғыл жағдай, дереу операция столына алдық. Ішін ашып көргенде, асқазаны сау. Басқа жерде өзгеріс жоқ. Жараны жаптық. Әрі қарай бақылауда, ертеңіне сырқаттың денесі түгел сарғайып кетті. «Механикалық сарғаю» деп шештім. Облыстың бас хирургы С.Қ.Құласартовпен телефон арқылы хабарластым. Ақыл кеңес сұрадым. Мен жасауға ниеттенген операция бұрын Аралда жасалмаған. Ал облысқа жолдауға алыс жолды сырқат көтере алмайды. Сонымен әріптес аға «Өзіңе сенімді болсаң, жасай бер» деп келісімін берді. Қасымда жас хирург Амантай Нұрпейісов, бала хирургы Айзада Жұмағалиқызы Хаирова бар. Бәріміз бірлесіп, қажетті операцияны атқарып шықтық. Өт шығару жолында көлемі 1,5 см-дей болатын тас тұр екен. Сол өттің шығар жолын бөгепті. Сырқат дертінен толық сауығып, ауруханадан аман-есен шықты. 


- Ауданның хирургы халықаралық деңгейдегі конгрессте қалайша баяндама жасап жүр?


- Бұл өзі қызық болды. 2007 жылы Санкт-Петербург қаласында хирургтердің 14-ші халықаралық конгресі болатын болды. Мен ғаламтор арқылы хабарласып, маусым айында өз баяндамамды жолдадым. Қыркүйек айында менің баяндамам ұнап, конгресске шақырту алдым. Денсаулық сақтау министрлігі де, облыстағы басқарма да мұны білмейді. Конгресс туралы сөзімді бірде аудандағы белгілі кәсіпкерлер Қуанышбай Ердіхалықов пен Тоғыс Жұмашев ағаларым есітіп, мұндай мүмкіндікті қолдан жіберме, жол қаражатын біз көтереміз деп ағалық мейірімін төкті. Сонымен, «Барсакелмес» қорығының директоры Зәуреш Әлімбетова да сол қаладағы әріптесі профессор Дмитрий Алексеевич Елисеевке қоңырау шалып, ол кісінің өзі таңғы 6-да мені күтіп алып, конгресстегі баяндамам сәтті өтті. Атақты пофессорлар Патютко, В.В.Вишневский және А.В.Журавлев сынды бауыр хирургиясының нағыз майталмандары оң баға берді. Сөйтіп, Қазақстанның да, алыстағы Аралдың мәртебесі сәл биіктеді. 


- Отбасың туралы айтып өтсең...


- Жұбайым Ботакөз Рахатқызы Жүсіпова (Боқаева) Қарағанды медициналық институтын бітірген дәрігер бактериолог маман еді. Ерте дүниеден өтіп кетті. Үш балалы болдық. Ұлдарым Алтынбек, Күмісбек мұнай саласында, қызым Ақгүл қаржыгер. Кейінгі жарым Зәмзагүл Әбдірашқызы Бекарыстанова облыста алғаш ултрадыбыстық зерттеуді әріптес ағасы Алдақияр Махамбетжановпен бірге Аралда тәжірибеге енгізді. Қызымыз Шолпанай М.Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық академиясында бірінші курста оқиды. Немерелерім Айбар, Данагүл, Раушандар дәрігер болуды армандап жүр.              


- Республикалық рухани-танымдық, ғылыми-көпшілік «Нұр Жан» журналының оқырманы ретінде айтарың бар ма?


- «Нұр Жан» журналын көптен бері жаздырып алып, оқимын. Журналдағы имандылыққа баулу, өткен тарих, өнегелі өмір туралы мақалалар мені қызықтырады. Көркемделуі де жақсы, тартымды. Беделді басылымға келешекте шығармашылық табыстар тілеймін. 


- Алпыс жасың құтты болсын, Аралдың ақтаңгер азаматы! 


Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ

Денсаулық сақтау ісінің үздігі,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі,

Арал қаласы


«Нұр Жан» журналы, маусым 2019 жыл



01 шілде 2019 ж. 1 757 0