Ұйысқан ұжым
Қоғамда сан түрлі мамандық бар. Соның ішінде адам жанына арашашы болып, ұлт саулығы мен ұрпақ амандығын ойлайтын дәрігерлер қауымының жөні бір бөлек. кәсіби мереке қарсаңында Арал қаласындағы Абай ауылдық емханасына бас сұғып, ақ халатты жандардың қарбаласқа толы бір күнімен таныcқан едік.
Н. БАҚЫРАН
Абай ауылдық емханасы ұжымы 20 жылға жуық Арал қаласының халқына қалтқысыз медициналық қызмет көрсетіп келеді. Таң атқаннан кеш батқанға дейін емхана түрлі науқастардан босамайды. Бірі–қария, бірі– дертінің
Ауырлығына байланысты есепке алынған науқастар, енді бірі–кішкентай балалар. Олардың әрбірін мұқият қарап, жанын мазалаған дерттің шипасын
табу–дәрігердің басты міндеті. Аталған емхана дәрігерлері бұл тұрғыда өздерінің білікті маман екендігін сан мәрте дәлелдеп жүр.
–Біздің емханада 16 мыңнан астам қала халқына 12 білікті дәрігер медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ емханамыз науқастарды қарап, тексеруге қажетті техникалық аппараттармен толық жабдықталған. Заман
талабына сай қызмет сапасы да жақсартылып отыр. Қазір науқастарды тіркеу, қарау және оларға түрлі талдамалар жасауға кезекке қою сынды
мәселелер электронды түрде жүргізіледі, – дейді Абай ауылдық емханасының
меңгерушісі Аманболат Исаев. Емханаға келген қаралушылар үшін сапалы қызмет көрсетуді басты назарға алатын ұжымда меңгеруші мен аға аяжаннан бөлек, 12 дәрігер, 41 аяжан және 15 техникалық қызметкер жұмыс жасайды. 10 аймақ бойынша әр аймаққа бір жалпы тәжірибелі дәрігер мен үш аяжаннан бөлінген. Емханада егу және физикалық емдеу бөлмесі, дәрігерге дейінгі, туберкулез ауруларының емін қабылдау, әйелдерді қарау және рентген сәулесімен зерттеу бөлмесі тәрізді арнайы кабинеттер бар. Емхана меңгерушісі А.Исаевтың айтуынша, қарамағындағы қызметкерлердің біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол. Әсіресе, емхана ашылғалы қызмет етіп келе жатқан А.Елібаева, С.Бегімова сынды дәрігерлер өз аймақтары бойынша
науқастарға сапалы қызмет көрсетіп, адами тұрғыдан жанашырлық танытып отырады. Өздеріне қарасты аймақ бойынша талай дерттіболған адамдарға алғашқы көмекті дұрыс көрсетебілген. Кейбір адамдардың ауруының алдын
алып, асқынудан аман сақтап қалған. –Өзіңіз көріп отырғандай, біз үшін әрбір күн мен сағат алтыннан да қымбат. Себебі, мұнда жанын мазалаған дертіне ем іздеген жандар келеді. Біздің қызметкерлер күн сайын сан алуан аурулар мен түрлі мінезді адамдармен жолығады. Олардың көңілін табумен қатар, жедел шақыртулар бойынша
да жұмыс жасайды. Дәрігерлер күнделікті науқастарды қабылдаудан бөлек, өз аймақтарына қарасты жаңа туған балалар мен төсек тартып жатқан ауруларды және егде қарияларды үйлеріне барып қарап отырады, – дейді А.Исаев.
Абай ауылдық емхана ұжымы өздерінің сапалы қызмет көрсетуімен халықтың ризашылығына ие болып жүр. Мұнда қызмет жасайтын білікті дәрігерден бастап, қарапайым жұмысшыға дейін дертіне шипа іздеп келген жанға әп-сәтте көмек көрсетуге дайын тұрады. Антына адалдық танытқан жандар осылайша көптің алғысына бөленіп келеді.
«Толқын» газеті, 15 маусым 2019 жыл








