АБЫРОЙ БИІГІНДЕ
Кезінде бір ғұлама «Ар-намыс, қарапайымдылық, сыйластық, ымырашылдык, пен қорқынышты теріске шығару - дәрігердің басты қаруы» деген екен. Бүгін біз алғыс айтқалы отырған ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі, «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, жоғары санатты ұйымдастырушы дәрігер, Ресей мемлекеттік «Гиппократ» медалінің иегері, аудандық мәслихаттың бесінші мәрте депутаты, «Арал ауданының құрметті азаматы» Арғынбай Асанбаев осындай қасиеттерді қару еткен азамат.
Ғұлама Гиппократ «Барлық өнердің ішіндегі ең ізгісі — медицина» деген екен. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ осы ізгі саланың мықты маманы болуды ойлаған Арғынбай арманын жүзеге асырған жан. Ақтөбе медициналық институтына түсіп, ойдағыдай аяқтады. Ал еңбек жолын Арал қаласында учаскелік терапевт болып бастағанда-ақ ақ халаттың жауапкершілігін алғаш сезінді. Одан кейінгі тынымсыз еңбек оны абырой биігіне көтерді. Темір жол амбулаториясы, жүйке аурулары диспансерінің бас дәрігері бодды. Оның өз саласындағы озық маман екенін 15 жылға жуық аудандық аурухананың және туберкулезге қарсы күресу диспансерінің бас дәрігері болғанынан-ақ білсе болар. Арғынбай қазір де қоғамнан қол үзіп қалған жоқ. Аудандық денсаулық сақтау саласының кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде дәрігерлер мен қарапайым жүмысшылардың қамқоршысы болып жүр.
«Жасаған жақсылықты жария етпе» деп жатады ғой. Жасырын қайырымдылықтың құдай алдында құны жоғары екенін жақсы білеміз. Дегенмен, азаматтықты айтқан да артықтық етпесе керек. Оның үстіне өзгеге үлгі болсын деймін.
Жыл сайын облыс, аудан көлемінде өтетін қайырымдылық акциялары Арғынбайдай азаматтардың атсалысуымен жүзеге асады. Ол көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларды демеп, жетпеген жеріне жәрдем көрсетіп келеді. Оған алғыс айтатын аналар да аз емес. Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасынан шыққан азаматтардың да жұмысқа орналасуына көмек көрсетіп, аудандағы түрлі мәселенің шешілуіне өз ықпалын жасады. Аудандық перзентхананың күрделі жөндеуден өтуіне, көшелердің жарықтануына халық қалаулысы Арғынбайдың ықпалы болды десек, артық айтқандық емес.
«Аурудың емі - саудың сәлемі» депті жарықтық Ғафур Қайырбеков. Қалай дәл тапқан, ә... Көңілі бір атым насыбайдан қалатын қазақ көңіл сұрағанға, жылышырай танытқанға жадырап сала беретін халық қой. Міне, ауыр науқастарына арнайы барып жағдайын біліп тұратын бүгінгі біздің кейіпкеріміз де мамандығына адалдығынан танған емес. Ел оны сол үшін де қадірлейді, алғысын білдіреді. Ол сол үшін де құрметке лайық.
Аманжол
ЖОЛМАҒАМБЕТҮЛЫ,
КСРО және ҚР халық ағарту
ісінің үздігі.
«Толқын» газеті








