» » МОЛ ҮМІТ СИЛАҒАН ЖОЛДАУ

МОЛ ҮМІТ СИЛАҒАН ЖОЛДАУ


Арал ауданында бүгінде 70 мыңға жуық халық тұрады. Экологиялық апат аймағы болғандықтан тұрғындардың денсаулық жағдайына көбірек мән беріледі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ағымдағы жылдың қазан айындағы кезекті Жолдауында айқындалған міндеттерге амбулаториялық-емханалық қызметі бар Арал аудандық орталық ауруханасының медициналық қызметкерлерінің атсалысуға әрқашан дайын екенін баса айтқан жөн. 

Бұл саяси құжатта медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды құрамдас бөлігі екені қадап айтылған. Жүрекке жақын тұс - ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет делінген. Ауданымызда ауылдағы медициналық мекемелердің жылма-жыл жаңадан салынып, ел игілігіне ұсынылуы бұған нақты дәлел. Жуық арада жаңа аудандық орталық аурухананың құрылысы да аяқталып өз жұмысын бастайды. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметті тиімді етеді.      

Сондай-ақ Елбасы өз Жолдауында емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырды. Әрі бұл мақсатқа 5 млрд қаржы бөлінетін болды. Бұл да аудан медицина қызметкерлерінің жұмысқа деген құлшынысын арттыратын болады.  

Медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшу де денсаулық сақтау сала қызметкерлерін қағазбастылықтан арылуға және елге көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға жәрдемінің тиері сөзсіз. Бірер жылда тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасау да кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын көтеруге мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Жолдауда ұлт саулығының басымдығы көрсетіле отырылып, халықты сапасыз әрі денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден қорғайтын жүйені құру тапсырылды. Азық-түлікті, дәрі-дәрмекті, ауыз суын, балалар тауарларын, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартудың тұрғындар денсаулығын нығайтуға зор септігі тиері анық. 

Сондай-ақ Елбасымыздың «Халық денсаулығы және ден­сау­лық сақтау жүйесі туралы» ко­декстің жаңа редакциясын және тегін ме­ди­циналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеуді тапсыруы біздерге, медицина қызметкерлеріне мол үміт силайды. 


Марат РШЫМБЕТОВ,

амбулаториялық-емханалық қызметі бар 

Арал аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері


Сурет Егемен Қазақстан сайтынан алынды. 



11 қазан 2018 ж. 1 015 0