ДӘРІГЕРГЕ РАҚМЕТ!
Деген сөз бар «қарап қалмас қарманған»,
Адамбыз ғой, сүйек-еттен жаралған.
Жүрек ауырып, жан қиналған кезімде,
Түн ішінде облысқа алып келді Аралдан.
Ойламайсың, қиналғанда қалғанын,
Аман қалу ойымда бар арманым.
Көзім жетті аз уақыт ішінде,
Бұл дүниенің өте шығар, жалғанын.
Ескі «скорый» мені қатты қинаған,
Құрастырып бәрін қолдан жинаған.
Екі сағат жолда жаттық бұзылып,
Үміт оты бара жатты үзіліп.
Жан қиналып, жеттік зорға қалаға,
Ризамын дәрігерлік салаға.
Арпалысқан өмірімді сақтауға,
Міндеттімін мен оларды мақтауға.
Кеше ғана шырқыраған шыбын жан.
Бүгін, міне, секілдімін дін-аман.
Маған ота жасап шыққан дәрігер,
Рахмет айтқым келеді мен саған.
Түн ішінде бәрі лезде жиналды,
Мен қиналсам, бәрі бірге қиналды.
Тек сендрге Аллам берген секілді,
Адамзатқа қайта өмір силауды.
Бүгін білдім, өмір тәтті екенін,
Жердің асты бола жаздады мекенім.
Осыменен екінші рет байқадым,
Дәрігерлер бізден мықты екенін.
Ақ халатты абзал жандар – қорғаның,
Тілеңіздер солар аман болғанын.
Денсаулығың, ең бастысы өмірде,
Қолдан жасап аласыңдар қалғанын.
Бақытжан БАЖИКОВ,
Арал қаласы.
«Толқын» газеті
Сурет ru.stockfresh.com сайтынан алынды.